Бір көлік өртеніп , сегіз адам мерт болды.

Батыс Қазақстан облысында Чапай – Жаңақала – Сайқын автожолында ірі жол-көлік оқиғасы болып, сегіз адам қайтыс болды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Қайғылы жағдай 17 қараша күні облыстық маңызы бар жолдың 50-ші шақырымында Toyota Camry және Volkswagen Sharan көліктерінің бетпе-бет соқтығысуы нәтижесінде орын алған. Соқтығыс салдарынан көліктердің бірі өртеніп кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат кезінде сегіз адам оқиға орнында көз жұмып, тағы төртеу зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, жүргізушілердің бірі қарсы жолаққа шығып кеткен болуы мүмкін. Оқиға кезінде ауа райы ашық, көріну жақсы болған, қозғалысқа кедергі келтіретін факторлар анықталмаған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр. Жол апатының нақты себептері тергеу барысында анықталады.

Полиция жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертіп, әсіресе жолаушылар тасымалдау кезінде кез келген тәртіп бұзушылықтың адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін айтады.


Оқи отырыңыз: Жол-көлік апаттарынан 25 адам қаза болды: ІІМ жолдағы тәртіпті күшейтеді