Чемпиондар лигасында алғашқы ойынын өткізген "Қайрат" футбол клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза ел назарын да, әлем назарын да өзіне аударды. Жас таланттың жеке өмірі де желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен видеоға сүйенсек, Шерхан Қалмұрзаның таңдауы қазақ футболының аңызына айналған Самат Смақовтың жалғыз қызына түскен. Смақовтың қызы сүйіктісімен түскен ортақ суреттерін жеке парақшасына ашық жариялап, оған қолдау көрсететінін жасырмайды.

Жас қақпашының "Спортингке" қарсы дебютынан кейін Самира Смақова сүйіктісіне арнап жазба қалдырды.

"Дебютің құтты болсын, менің қаһарманым! Ең үздік бастама болды. Мен сенімен шексіз мақтанамын. Бұл тек басы ғана", — деп жазды ару.

Айта кетейік, 18 жастағы Шерхан Қалмұрза "Спортинг" командасының капитаны тепкен пенальтиді қайтарып, бірнеше сейв жасады. "Қайраттың" ірі есеппен ұтылғанына қарамастан, жас қақпашы кешегі ойынның жұлдызына айналды. Ол "Ақтөбемен" қарсы ойында жарақат алған Темірлан Анарбековті алмастырған еді.