Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер арасында түрлі заңсыздықтар тіркеледі. Кортежбен басталған кеш мейрамханаларда, жалдамалы пәтерлерде жалғасып жатады. Нақты статистика жүргізілмесе де, дәл мынадай кадрлар мамыр соңында күрт көбейеді. Мұндай кештерге заңмен тыйым салу керек пе? Жастар арасындағы тәртіпсіздікке кім жауапты?

Бұл Жамбыл облысындағы жағдай. Түлектер қауіпсіздікті елер емес. Ақтауда да көлікке мініп, полициядан қашқан мектеп түлегі көзге түсті. Ал Алматы облысында жолды жауып, айналасына қауіп төндіргендер жауапқа тартылды. Жаңаөзенде соғысқан 3 көліктің бірінде түлектер болған. Жылдағы жағдай осы. Жауапты министрліктің ескертпесін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жауапкершілік ең алдымен ата-анада дейді қоғам.

Бұған қалай тоқтау қоямыз? Кеш өткізуге тыйым салсақ, оның орнын басқа дүниемен алмастыру қажет дейді қоғам белсенділері.

Нұркен Асанов, «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушы:

Ата-аналар басты жауапкершілікте бұл жерде. Мен жастарды айыптамаймын, себебі, бұл – бір жетістік. Адам бір жетістікке жеткен кезде, эмоциялық тұрғыда оны көрсетеді. Осы эмоция, жетістікті бала, ата-ана, ұстаз біріге отырып, басқа арнаға бұру керек. Біз диалог арқылы мұны ортаға салып, қазақ айтады ғой, «қымызды қанша сапырсаң, дәмді болады» дейді. Сапыра-сапыра орта жолын табуымыз керек.

Ал депутаттар заңдық тұрғыда шектеу қою мүмкін емес, тек нақты ереже бекітілсе жеткілікті дегенді алға тартты.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қуанышты күнді мектеп бітірушілердің кортедж бен коттедждің аралығында емес, мектеп қабырғасында реттеу керек. Менің мынадай ұсынысым бар, Еуропа елдерін қарасаңыздар, мектепте, стадионда, далада балл түрінде өткізеді, ойын түрінде өткізеді, шағын фуршет жасап, сол жерде тарқап жатады. Жалпы штраф мәселесі көп нәрсені шешпейді. Бірақ біз билік тарапынан, мектеп тарапынан ережесін мерекелеудің дұрыстап реттеп, бекітіп отырмасақ, жағдай жылда қайталана береді.

Жыл сайын келеңсіздіктердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Ел бойынша шамамен 7 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады. Олар арнайы рейдтер ұйымдастырып, ереже бұзғандарға шара қолданады. Соған қарамастан тәртіпсіздік жылда қайталанады. Бұл қатаң ереже мен талаптың ауадай қажет екенін анық байқатады.

Ақниет Балтанова