3 қыркүйек күні Мәжілістің VIII шақырылымы төртінші сессиясының алғашқы жалпы отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Каникулдан оралған мәжілісмендердің алғашқы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сайлауды жетілдіру мәселелері жөніндегі ілеспе түзетулер:

– 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы;

– республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы;

– Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе түзетулер;

– «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін түзетулер;

– Қырғызстанмен және Мароккомен бірқатар халықаралық шартты ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алғаны хабарланды.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін депутаттардан VIII шақырылымы төртінші сессиясында қандай мәселелердің шешімін табуды көздеп келгенін сұрап, білдік.

пп

Елнұр Бейсенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:

«Ауыл азаматтарын алаңдатып отырған – инфляция мәселесі. Оның бір ұшы ауылдықтардың табыс көзіне барып тіреледі. Біз осы тақырыпты Үкіметтің алдына қоямыз. Сонымен бірге елімізде 800 мыңға жуық азамат саяжайларда тұрып жатыр. Олар Кеңес кезеңіндегідей саяжайларды екінші үй ретінде пайдаланбайды. Қара домалақтардың негізгі тұрақты үйіне айналған. Саяжай болғандықтан қолданыстағы заң аясында онда мектеп не жол салып, су жүргізе алмаймыз. Осы мәселені реттеу мақсатында заң жобасын дайындап жатырмыз. Туризмді дамыту жайы да қозғалуы тиіс. Биыл өзім Алакөл, Балқашқа барып, ел өңірлерін аралап, халықпен кездестім. Отбасымызбен табиғатқа шықтық. Расында да әлі де пысықтайтын тұстар бар. Біз көбіне жеке кәсіпкерлерге міндеттеуге тырысамыз. Бұл тұрғыда Үкімет те инфрақұрылымды дамыту, шекараларды бекіту сынды жұмыстарға назар аудару керек. Өзге де өзекті мәселелерді фракция, Мәжіліс атынан Президентке ұсындық. Олардың біршамасы алдағы Жолдау аясында қолдау табады деп сенеміз», деді депутат.

вв

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі:

«Мәжілістегі «Respublicа» партиясының 6 мүшесі 21 аймақты аралады. Менің өзім 5 аймақты қамтыдым. Біздің партия басым назарды кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік пен білім беру, денсаулық сақтау саласына салады. Сондай-ақ туризм, ауыл шаруашылығы, креативті индустирия салаларының да күрмеулі тұсын шешуге ден қоямыз. Бүгін өндірушілерді толғандырып отырған мәселелерді депутаттық сауалымда көтердім. Жоспар бойынша мәселелерді жыл бойы ортаға саламыз», деді ол.

аа

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:

«Жылдан жылға негізгі мәселелер өзгермейді. Ол инфрақұрылым, мектеп, су, жол мәселесі. Мен осы жолы Алматы облысында болдым. Сонда көрген шешімін күтетін жайлар Мәжіліс қабырғасында көтеріледі», деді Максим Николаевич.

аа

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі:

«Өңірлерді аралап, халықпен де кездестік. Көкейіндегі мәселелерге құлақ түрдік. Сондай-ақ, біз 2023 жылы наурыз айының соңынан бастап Мәжіліс қабырғасындамыз. Сол кезден бастап шешімін әлі де күтіп тұрған сауалдарды соңына дейін жеткізгіміз келеді. Күздік сессияда Салық кодексі бойынша, ауыл шаруашылығы мен өндіріс, құрылыс саласы мен Әділет министрлігіне қатысты мәселелерді таразылауға үн қоспақпын. Соның ішінде заңгер консультанттар мен жеке сот орындаушылар, палаталар бойынша кей ережелерді қатаңдату, жауапкершілігін күшейтуді ұсынамын. Қазір бюджетте дефицит екені белгілі. Сол қаржыны тиімді пайдалану бойынша біраз жұмысты еңсеруді жоспарлап отырмыз», деді мәжілісмен.

Өткен саяси кезеңде Мәжіліс 106 заң жобасын қарап, 37 заңды қабылдаған. Оның ішінде 19 заңға Президент қол қойған болатын. Төменгі палата депутаттары осы жолы да шешімін күтетін мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті.