2026 жылдан бастап елімізде Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Платформа жобаны жоспарлаудан бастап, пайдалануға бергенге дейін барлық кезеңді бақылауға алады.

Бұдан бөлек коммуналдық қызмет төлемдерін біріктіретін «Smart Turmys» сервисі де құрылуда. Су, жылу, жарық төлемдерін енді бір жерден төлеп, есептердің толық ашықтығын тексеруге болады. Бұл саланы жаңғыртуға қазірдің өзінде 500 млрд теңгені құрайтын 174 жоба бекітілді. Бұл туралы Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов атап өтті. Айтуынша, 2026 жылға арналған сатып алулар электрондық платформа арқылы ашық жүргізіліп, оған 680 мердігер мен 170-тен астам отандық өндіруші тартылды. Елде биылғы 11 айда 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетуде: орындалған жұмыс көлемі 8,1 трлн теңгеге жетті. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7,2 мыңға жуық пәтер сатып алынды, ал «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары аясында 205,7 млрд теңге көлемінде қарыздар берілді.

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Тұрғын-үй саясатында үлкен реформа жасалды. Бұрын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтерді жергілікті атқарушы органдар үлестіретін. Қазір бұл құзірет Отбасы банкіне ауысты. Бастысы бұл процесс жүйеленіп, бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылып жатыр. тұрғындар кезектегі орнын көре алады. және кім бірінші кезекке тұрса сол үйді бұрынырақ алады. Сонымен қатар табысы да ескеріледі.