Ақсу Жабағылы қорығында жыртқыш аңдардың саны артып келеді .

Соңғы жүргізілген санақ нәтижесінде қызыл кітапқа енген қар барысы мен түркістан сілеусіні көбейгені байқалды. Алайда сала мамандары аша тұяқты жануалардың өсімі өзгеріссіз қалғанын айтады. Ғалымдар мен сарапшылар табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау үшін ұсыныстар әзірледі.

Ақсу-Жабағылы қорығында санақ жүргізілді. Сала мамандарының есебі бойынша қызыл кітапқа енген жыртқыштар саны көбейген. Тау бөктеріне қойылған фототұзаққа сирек кездесетін «Қар барысы» мен «Түркістан сілеусіні» түскен. Бұл қоршаған ортаның жайлы әрі экологиялық ахуалдың тұрақтылығынан,-дейді инспекторлар.

Бақыт Мұсалиев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Жануарлар дүниесінің санақ жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Бұл ғылым бөлімінің бақылауында және аумақтық инспекцияның қатысуымен жүргізіледі. Индекативті жануарлардың санағынан табиғатта қандай өзгерістер болып жатқаны анықталып отырады. Қар барысы мен Түркістан сілеусіні, одан бөлек қасқыр, шибөрі аңдары жиі кездеседі.

Жыртқыштың көбеюінен экожүйедегі тепе-теңдік бұзылуы мүмкін. Аңғарларды мекендейтін арқарлар мен тауешкілерге қауіп төнеді. . Соңғы жылдары олардың өсімінде өзгеріс байқалмайды. Бұл жағдайға жұқпалы аурулардың таралуы, климаттың құбылуы да кері әсер етеді.

Болат Қалдыбекұлы, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының териологы:

- Қауіп — қыстың қатты болуы. Қалың қар түссе олардың жайылуы шамалы азаяды. Олардың төлдері ең бірінші зардап шегеді. Көктем уақытында сәл әлсіздері болады. Аналықтарына шабуыл өте көп болады.

Қорық аумағы қаскөйлерден қорғалғанымен жануарлардың санын реттеуге рұқсат жоқ. Осыған орай әлемдік тәжірибелерге талдау жүргізген ғалымдар деректер базасын құруды ұсынып отыр.

Халима Сартаева, биология ғылымдарының кандидаты:

- Жүйелі және гинетикалық талдау жасалу қажет. Бізде осыған ұқсас зерттеулер жүргізіледі. Бірақ нақты ақпараттар мен олардың көші-қоны туралы деректер біріңғай базаға топтастырылмайды. Осы мақсатта халықаралық ұйымдарды да тартып, бірлесіп жұмыс істеуге болады.

Сала мамандары ұлттық парк аумағын бақылауды күшейту үшін әуеден барлау жасауды ұсынады. Сондай-ақ жануарлардың түрі мен тобына арналған арнайы питомниктер қажет дейді. Бастысы сирек кездесетін аң-құс үшін қолайлы ортаның сақталуы маңызды екенін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы 24KZ