Биыл жыл басынан бері мансап орталықтарына хабарласқан атыраулықтардың саны 63 мың 55 адамға жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың дерегіне қарағанда, биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 29 241 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 15 029 тұрақты және 14 212 уақытша жұмыс орны бар.
«Жыл басынан бері Атырау қаласы мен аудандардағы мансап орталықтарына әртүрлі мәселемен хабарласқан 63 мың 55 адамның 38129-ы жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Нақтылай айтқанда, 18322 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 9896 адам тұрақты, ал 8426-сы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты. Мәселен, қоғамдық жұмысқа 4265, жастар практикасына 1914 адам тартылды. «Күміс жас» жобасымен 1439, әлеуметтік жұмыс орындарына 325, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 464 және Ұрпақтар келісімшарты жобасына 19 адам жіберілді», дейді Полымбет Хасанов.
Басқарма басшысының мәліметінше, «Skills Enbek» платформасы арқылы онлайн режимінде 2 255, «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін 2 164 оқыған. Ал «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 95, бюджет есебінен 73 адам кәсіби оқыту курсынан өткен.