Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылына табиғи газ құбыры жетті. Жергілікті билік өкілдері көгілдір отын желісін санаулы күннен кейін іске қосамыз дейді.
Жоба бойынша 500-ден астам тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік нысанға газ беріледі. Жалпы алдағы 5 жылда өңірдің 9 елді мекеніне газ жүргізу жоспарда тұр.
Дәметкен Қалиева Кеңгір ауылына он жыл бұрын қоныс аударған. Әлі күнге дейін баспананы от жағып жылытамыз дейді. Алты ай қыста 7 тонна көмір жағады. Кеңгірге көгілдір отынның жеткеніне дән риза.
Дәметкен Қалиева, Кеңгір ауылының тұрғыны:
- Біріншіден, табиғи газ қауіпсіз. Үйде адам жоқта жаққан отың сөніп, үйді ыс алады деп ойламыйсың. Екіншіден, көмір тасып, күл шығарып әлек болмайсың. Үйің таза. Өте ыңғайлы.
Кеңгір ауылына газ құбырын тарту жұмыстары сәуір айында басталды. Жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінген. Көгілдір отын қараша айында қосылады. Ұлытау облысында алты жыл ішінде Талап ауылы мен Жезқазғанның бірнеше шағын ауданы табиғи газ желісіне қосылды. 2030 жылға дейін тағы 9 елді мекенге жеткізу жоспарланып отыр.
Аяулым Есенғалиева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы бөлімінің бас маманы:
- 2025-2027 жылдар арасында бізде Жаңаарқа ауданы және де Қаражал қаласы мен Жайрем ауылын газбен қамту жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Сәтпаев қаласы мен Ұлытау-Жезді елді мекендерін газбен қамту үшін бізде жоба толығымен дайын. Қазіргі таңда Ұлытау облысы бойынша 3 жарым мыңнан астам үйге бізде газ тартылған болатын. Соның ішінде 1900 абонент бізде техникалық шарт алып, 1700 астам абонент газға толығымен қасылды.
Көгілдір отын құбыры әр үйдің ауласына дейін тартылады. Баспана ішіндегі жүйені үй иесі жеке қаражатына жүргізуі тиіс. Ал әлеуметтік осал топтарға «әлеуметтік әмиян» жобасы аясында қолдау қарастырылған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Елизавета Шалина, Нурбол Үздікбаев, Гульшахира Серекбаева