«AMANAT» партиясының қолдауымен Торғай төрінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Мереке аясындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафоны.
Осылайша 5 күнде еліміздегі 13 өңірдің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің намысын қорғайтын командалардағы 90 шабандоз Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Шараға қатысқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Ұлы дала жорығының» өткізілуі ұлттық спорт түрлері жанданып келе жатқаны-ның жарқын дәлелі екенін мәлімдеді. Ол халқымызға көптеген көрнекті мәдени және қоғам қайраткерлерін тарту еткен қасиетті Торғай жерінде ат марафонын өткізудің символдық мәнін айрықша атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгін осы арысымыз Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай халықаралық «Ұлы Дала Жорығы» марафон бәйгесі басталады. Бұл марафон бәйге қазіргі уақытта барша қазақтың қанын қыздыратын, асыға күтетін бүгінгі спорттың бір түрі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да осы ұлттық спортқа ерекше мән беретін, ерекше қамқорлық көрсететін өздеріңіз білесіздер. Президенттің қолдауымен ірі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Былтырғы өткен «Көшпенділер» ойынының өзі неге тұрады. Ұлы дала жорығы да сондай халықаралық деңгейдегі үлкен жарыстың біріне бүгінгі күнде айналып келе жатыр.
Осы күні Торғай даласы елдің үздік ақындары бас қосқан республикалық ақындар айтысының алып сахнасына айналды. Ақындар сайысында көзіқарақты көрермен Міржақып Дулатұлының мол мұрасын жаңа қырынан таныды. Сондай-ақ Міржақып Дулатұлының мұрасына арналған ғылыми конференция өтті. Депутаттар мен қоғам белсенділері Бидайық ауылындағы ақынның шағын отанында орналасқан мұражайға барды.