Түркістан облысының Ащысай ауылындағы мәдениет сарайы отқа оранды. Өрт кеше болғанымен, ақпарат тек 5 тамызда белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Куәгерлер ХХ ғасырдың алғашқы жартысында салынған тарихи ғимараттың жанып жатқан сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.

Айта кетерлігі, 2024 жылы жергілікті тұрғындар сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыдан бұл ғимаратты жөндеуді сұраған. Ол Ащысайға іссапармен келгенде нысанды аралап та көрген.

Түркістан облыстық ТЖД мәліметінше, өрт ғимараттың жоғарғы қабатынан басталып, жылу оқшаулағыш материал жанған болуы мүмкін.

— Өрт аумағы – 600 шаршы метр. Жалын тез сөндірілді. Қаза болғандар жоқ. Себебі анықталуда, — деді ведомстводан.

Жаз айларында өңірде өрт оқиғалары жиілеп тұр. Жақында Алматы облысы тауларында, одан бұрын Ақсай шатқалындағы саяжай құрылыстарында өрт шыққан. Сондай-ақ Алматыдағы Кенсайдың бір бөлігі де отқа оранды.

Шілде айында Астанада «Big Шанхай» базары өртеніп, кейін МЧС өкілдері оның күл-талқан болған орнын көрсетті.