Осындай атаумен ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы құрметті судьясы, заңгер Өмірсерік Қожабаевтың жаңа кітабы жарық көрді. Бұл кітап Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысы, Абай ауданының әкімшілігі мен Абай-Жидебай қорының сұрауы бойынша үш тілде оқырманға жол тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кітаптың таныстырылымына қоғам қайраткерлері, еңбек арагерлері мен елімізге белгілі ғалымдар, өлкетанушы, ақын-жазушылар, журналистер қатысты.
Кітапта Абайдың әдет пен ғұрыпты, халықтың өмір сүру салтын зерттей отырып қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазғаны толық қамтылған.
Кітап жайында «Қазақ тарихи қоғамы» ҚБ Басқарма Төрағасы Радик Теміреалиев:
- Бұл тарихи тәжірибе маңызды практикалық және моральдық мәнге ие. Ұлттың өз күшіне және мүмкіндіктеріне сенбеуі көбінесе дамуға елеулі кедергі келтіретіні жасырын емес. Өз кезегінде, нигилистік көңіл-күй көбінесе өз тарихымен мәдениетіне деген көңіл қалушылықтан туындайды. Сондықтан тарихи деректерді өзектендіріп, кеңінен насихаттау аса маңызды. «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» кітабы бұл ағартушылық миссияны толықтай орындайды, — деп баға берді.
Аталған еңбекте қазақ даласындағы от ауызды орақ тілді баба билердің, дала заңын ұстанудағы ұтымдылығы, тапқырлығы суреттеледі.
Тарихымызды тану – Абай өміріне тереңдеп үңілуден басталады. Бұл шығарманың ұрпақ санасын оятуға тигізер пайдасы зор.