Елордада «Менің Қазақстаным» атты халықаралық фестивал өтті. Концерттік бағдарламада Шәмші Қалдаяқовтың танымал шығармалары жаңа аранжировкаларда орындалды.
Мәдени шарада Түркия, Армения, Өзбекстан өнерпаздарымен бірге Silk Way Star жеңімпазы моңғолиялық Мишель Жозеф ән шырқады. Сондай-ақ елдің бірқатар әншілері өнер көрсетті. Осымен екінші рет өтіп жатқан фестиваль халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, ұлтаралық диалогты дамытуға бағытталған. Басты мақсат Шәмшінің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау дейді ұйымдастырушылар.
Ақын Несіпбек Айтұлын еске алу кеші
Астана жұртшылығы қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет еткен қаламгер Несіпбек Айтұлын еске алды. Ақынның 75 жылдық мерейтойына орай «Дариға Дәурен» атты мәдени кеш ұйымдастырылды.
Шараға ақынның үзеңгілес достары, жұбайы мен отбасы, шәкірттері және жыр сүйер қауым қатысты. Кеш барысында Несіпбек Айтұлына арналған жырлар оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Сондай-ақ ақынмен қанаттас қаламгерлер жүрекжарды лебіздерін білдіріп, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
«Жекпе-жек айтыс»: жартылай финал басталды
«Хабар» арнасы ұсынған жекпе жек айтыстың алғашқы финалисі анықталды. Жайықтың Жансаясы жартылай финалда астаналық Еркебұлан Қайназаровпен сөз жарыстырды.
Қос ақын да тақырыпқа сай, арзан қымбат мәселесін жырлады. Нәтижесінде айтыстың жоталы жолбарысы Еркебұлан Қайназаров финалға шықты. Енді «Хабар» Агенттігі алдағы жексенбі қалың көременге жартылай финалдың екінші жекпе-жегін ұсынады. Онда Дидар Қамиев пен Айбек Қалиев айтысады. Ал финал 21-ші желтоқсанға жоспарланған. Айта кетейік айтыстың негізгі мақсаты – қазақтың өткені мен бүгінін ұштастыра отырып, түрлі тақырыптар мен мәселелерді қозғау, айтыс өнерінің мәртебесін көтеру.
Димаш Құдайбергенов жайлы кітап жарыққа шықты
Елде Димаш Құдайбергенов жайлы кітап жарыққа шықты. Әншінің шығармашылық жолына арналған жаңа бірегей басылым – Шексіз музыка» атты кітап-альбомды көпшілік назарына ұсынды. Туындыда әртістің кәсіби қалыптасуы жан-жақты қамтылған. Көлемі 289 беттен тұратын альбом Димаштың шығармашылық қызметіне көпқырлы көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Басылымға архивтік фотосуреттер, концерттерден алынған материалдар, сондай-ақ орындаушының жеке естеліктері мен түсіндірмелері енгізілген. Бұл деректер оқырманға әртістің кәсіби дамуын кезең-кезеңімен бақылап, бұрын жарияланбаған шығармашылық сәттерімен танысуға мүмкіндік береді.