Селекциялық жұмыстар мен аналық мал басын ұстауға кететін шығындарды бұдан былай мемлекет өтемейді. Жаңа талап бойынша, ондай қолдауға малын бордақылау алаңдары мен ет өңдеу комбинаттарына өткізетін шаруашылықтар ие болады.
Осыған байланысты өңірлерде арнайы комиссиялар құрылып жатыр. Жұмыс тобының мүшелері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді бірнеше бағыт бойынша бағалайды. Мал азығының болуына, инфрақұрылым мен өндірістік көлемді арттыру мәселелеріне басымдық беріледі. Өтінімдер мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі арқылы қабылданады және бұл өзгерістер 22 шілдеден бастап күшіне енеді.
Имаш Сыдықов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары м. а.:
- Бұрын селекциялық асылдандыру жұмысына субсидия төленетін. Мысалы ірі қараға 10 мың теңгеден, асыл тұқымды ірі қара аналық басқа 15 мың теңгеден, қой малына 2500 теңге, асыл тұқымды қой малының аналық басына 4000 теңгеден төленетін. Ол бағыттар алынып тасталды. Ол бағыттардың орнына мал бордақылау алаңдарына немесе мясокомбинаттарға, ет өңдеу комбинаттарына өткізген жағдайда соларға төленетін болады.