Армения – Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі сенімді серіктестірінің бірі. Жыл басынан бері екі ел арасындағы сауда айналымы 35 млн доллар көлемінде болды. Бұл екі арада алыс-беріс кей салада төмендегенмен, кей салада өсе түскен. Бүгінгі кездесулер – сол бар-жоқты түгендеп, екі елдің ынтымақтастығына серпін беру. Енді біз үшін Арменияның алыс-берістен бөлек қандай артықшылығы бар?

Транспорттық әлеуетті дамытуда Кавказ арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті зор. Енді осы дәліздегі Арменияның рөлі де артуы мүмкін. Себебі Ереван Бакумен бірге Зангезур дәлізін іске қосуға ниетті.

Биыл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүктің экспорттық үлесі өсіп, 74%-ке жетті. «Қазақстан темір жолы» компаниясының ақпаратына сүйенсек, қаңтар-қазан аралығында дәліз арқылы 2 млн 600 тонна жүк тасылған. Оның 1 млн 920 мың тоннасы экспорт. Мұнда астық тасымалы 3 есе өсті. Түсті металл 84%, тыңайтқыштың үлесі 16% ұлғайды.

Бұл бағыттағы жүк тасымалы жыл санап ұлғая береді. Себебі Әзербайжан мен Армения мемлекеттері Зангезур дәлізін дамытуға ниетті. «Армян жері арқылы өтетін жаңа жол тасымал көлемін арттырады», – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ, сарапшы:

- Біздегі мынау шикізаттарымыздың көбі Ресей арқылы Еуропаға тасымалданады, егер де дәліз тезірек іске қосылып кетсе, бұл біздің логистикалық мүмкіндіктерімізді арттырып, көптеген шығындарымыздың арзандауына, азаюына әкелетін фактор. Яғни бұл Қазақстан үшін, жалпы Орта Азия үшін өте тиімді фактор деп айтуға болады.

Зангезур дәлізінің ұзындығы 40 шақырым. Егер жоба іске қосылса, Транскаспий көлік дәлізі арқылы жүк жеткізу мерзімі 40%-ке дейін қысқаруы мүмкін. Яғни Ақтаудан шыққан жүк Әзербайжан арқылы Арменияның Сюник облысымен өтіп, Нахичеванға барады. Одан әрі Түркия жерімен теңіз жолдарына шығып кетуі оңай. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға АҚШ-та қызығушылық танытып отыр.

Бауыржан Ысқақ, сарапшы:

- Тағы да бір артықшылығы, әрине, ол геосаяси артықшылығымыз. Яғни бұл өзі бір аймақтағы ынтымақтастықтың қалыптасуына мүмкіндік береді. Өйткені дәл қазіргі уақытта осы бір дәліз Орталық Азия, Кавказды және де Еуропаның, одан кейін Азияның транзиттік потенциалы болып табылғандықтан, осы мемлекеттер арасында экономикалық байланыс орнап, ол алдағы әртүрлі саяси қақтығыстардың болмау мүмкіндігін арттырады деп ойлаймын.

Соның арқасында Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы да ұлғаюға тиіс. Биылғы 8 айда екі елдің алыс-берісі 35 млн доллар болды. Басым бөлігі экспорт. Яғни біз армян еліне темекі, ұшу жабдықтары сынды өнім жөнелтеміз. Енді бұл тізімге бидай да қосылды. Жақында ғана мың тоннасы жеткізілді. Ал келесі жылы 50 мың тоннадан асады деген жоспар бар.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Жандос Битабаров