Ұлттық банк 2025 және 2026 жылдарға инфляция болжамын қайта қарады. Келесі жылы да халықты қымбатшылық қысуы мүмкін.

«Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі. Ал 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанып отыр», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетері, өткен аптада Үкімет ұсынған 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында инфляция 2026 жылы 9,0-11,0% деңгейінде болжанған еді.

Сондай-ақ, Ұлттық банк 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамын 6,0-6,5%-ға дейін жақсартты. 2025 жылғы жоғары база және салық-бюджет реформасының ішкі сұранысқа тежеуші әсерін ескере отырып, 2026 жылға экономикалық өсу болжамы 3,5–4,5%-ға дейін төмендетілді. Ал 2027 жылы экономиканың өсуі 4–5% ауқымында болуы күтіледі, бұл инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, тұрақты тұтынушылық сұраныс және мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты, деп атап өтті ведомство.