Көктайғаққа қарсы себілетін қоспаның құрамында зиянды заттар көп. Бұл қоспаның 80%-і құм, 20%-і натрий хлоры. Демек қоршаған ортаға қауіпті элементтердің бірі. Бірақ қыста жолға бұл қоспаны сеппесе тағы болмайды. Енді қайтпек керек?! Отандық ғалымдар қоспаның жаңа стандартын әзірледі.
Қала тұрғыны Бибісара Құдиярова көктайғаққа қарсы себілетін қоспаның құрамында зиянды заттар барына сенімді. Оның айтуынша, көшеге бір киіп келген аяқ киімді кептіргенде тұзды анық көруге болады. «Бұл аяқ киімді былай қойғанда денсаулыққа да қауіпті», – дейді апай.
Бибісара Құдиярова, қала тұрғыны:
- Біз күнде кешкісін бала-шағаның, өзіміздің аяқ киімдерімізді тазалаған кезде аяқ киімге тұз сіңіп қалады. Тұз дегенің ол зиян нәрсе ғой. Аяқ киімге де зиян, бала-шағаға да, өзімізге де зиян. Сапалы тұз ба, сапасыз тұз ба – оны біз білмейміз. Басқа бір нәрсе қолдануға бола ма?
Қала тұрғынының сөзін ғалымдар да қуаттап отыр. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің зерттеуіне сүйенсек, көшеге себетін қоспаның құрамында зиянды заттар көп.
Есенбек Айдарбеков, Қазжол ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
- Натрий хлорының зияны өте үлкен. Өсімдіктерге, аяқ киімге. Құрғатып жібереді. Сондықтан автомобильдердің дөңгелектеріне емес, «ходовой» астыңғы жақтарын коррозияға келтіреді.
«Натрий хлоры асфальт жабыны мен тротуар тақталарын да бүлдіреді», – дейді маман. Адамды тыныс жолы ауруларына душар етуі мүмкін. Отандық ғалымдар мәселені шешуге күш салып жатыр. Институт алғаш рет көктайғаққа қарсы қоспаның ұлттық стандартын әзірледі. Енді натрийдің орнын басқа элементтер басуға тиіс.
Есенбек Айдарбеков, Қазжол ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
- Олар көбінесе мына натрий хлоры емес, біз қазір кальций, магнийді айтамыз. Олар әлдеқайда қымбат келеді. Олар килограмдап сатылады. Егер біз натрий хлорын тонналап алып келсек, енді оны килограмдап алуға тура келеді. Осы Қарағандыда зауыттар шығарып жатыр. Тағы Қостанайда шығарып жатыр. Олардың зияны аз тиеді.
Сондай-ақ ұлттық стандартта қоспадағы құм түйіршіктерін ұсақтау да міндеттелген. Яғни әр түйіршіктің көлемі бұрынғыдай 10 мм емес, 5 мм-ге жетпеуге шарт. Жаңа стандарт жыл соңына дейін бекітіледі.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Самат Қазанбаев