Жетісу облысында еліміз бойынша биыл алғаш рет өткізілген «Азаматтық қоғам 2.0: мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың инновациялық үлгілері – өңірлік дамудың қозғаушы күші» атты ірі Азаматтық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Ауқымды шараға Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен басқа да облыстардан мемлекеттік мекемелердің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және белсенді азаматтар жиналды. Форумның басты мақсаты – мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық сектор арасындағы әріптестіктің заманауи тәсілдерін зерделеп, өңірлік дамуға қатысты өзекті мәселелерді бірлесе талқылау.
Форумның ашылу рәсімінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Іс-шараның модераторы, Жетісу облыстық Азаматтық Альянсының төрайымы Дания Қыдырбаева форумның бағдарламасымен таныстырып, қатысушылар мен делегаттарды таныстырды.
Форум барысында үш негізгі бағыттағы сессиялар өтті. Алғашқы сессия – «Азаматтық қоғамды дамыту және цифрлық инновациялар» – «Жетісу Медиа» МКК басшысы Шыңғыс Бозымның жүргізуімен ұйымдастырылды. Онда Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «DANGEN» ЖК директоры Данияр Алдабергенов және «Халықаралық шарттардың қоғамдық мониторингінің қазақстандық орталығының» жетекшісі Галина Моисеенко цифрлық технологиялардың ҮЕҰ қызметіндегі рөлі, ChatGPT сынды құралдардың әлеумет саласындағы мүмкіндіктері мен жаңа азаматтық бастамаларға қатысты ойларымен бөлісті.
Келесі сессия – «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасындағы тиімді әріптестік» – Жетісу облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың модераторлығымен өтті. Бану Нұрғазиева мен «ШҚО Азаматтық Альянсының» төрайымы, «ШҚО талдау және болжау институты» ЖШС директоры Аяужан Ашимова әлеуметтік кәсіпкерлік, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен ҮЕҰ және бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны туралы пікірлерін ортаға салды.
Үшінші сессия – «Азаматтық белсенділік және жастардың қатысуы» – Жетісу облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабайдың жетекшілігімен өтті. Сессия спикерлері – Бану Нұрғазиева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов және «Жетісу Жастары» ресурстық орталығының директоры Шамиль Ванкеев жастардың қоғамдық өмірге араласуы, волонтёрлік қызметті ілгерілету және әлеуметтік желілердің жастар белсенділігіне әсері төңірегінде мазмұнды талқылаулар жүргізді.