Елде балаларды қауіпті контенттен қорғайтын SIM-карта шығарылды, деп хабарлайды 24kz.

SIM KIDS – Алматы қаласының прокуратурасы мен ұялы байланыс операторының бірлескен жобасы. Бұл ата-аналарға баласының интернеттен не көріп отырғандығын бақылауға мүмкіндік береді.

Яғни, ұялы телефондағы бүкіл әрекетін сырттан қарап отыруға көмектеседі. Егер контет күмәнді болса, бұғаттап тастайды. Қазір пилоттық жобаны алматылық отбасылар сынақтан өткізіп жатыр.

Елде бала біткеннің көбінде жеке сматрфоны бар. Кәмелетке толмағандар үнемі интернетте отыратындықтан киберқауіпке ұшырайтыны да жасырын емес. Сондықтан Алматы прокуратурасы мен ұялы байланыс операторы балаларды қорғау үшін күш біріктірді. Мемлекет пен бизнес жастардың арандап қалмауына алаңдайды.

Диас Ысқақ, қала прокурорының аға көмекшісі:

- Бұл жобаға бастама болған Алматы қаласының прокуратурасы. Атап айтқанда, Бас прокуратураның кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмасы аясында осы жобаны жүзеге асыруды үйлестірдік. SIM-картаның көмегімен зорлық-зомбылық, порнография, суицидті насихаттайтын, құмар ойындар, соның ішінде қауіпті ойындарды, есірткі заттарын көрсететін көріністі бұғаттауға болады.

Балалар SIM-картасы үш деңгейлі қорғаныстан тұрады. Бірінші, қауіпті контентті сүзгіден өткізеді. Екі тараптың қоңырауы жазылатындығын ескертеді және геолокацияны бақылайды. Ата-аналар арнайы қосымшаның көмегімен баланың қайда жүргенін біледі. Мессенджерлерге де рұқсатты өздері береді. Осының көмегімен ұл мен қызының қандай қосымшаны пайдаланып жүргенін қадағалай алады.

Бақтыбек Айтбаев, Tele2/Altel экожүйесінің басшысы:

- Біз кейбір мессенджерлерден қауіп келетінін байқап отырамыз. Өйткені Telegram сияқты мессенджерлерде алаяқтар көп отырады. Ол жерде сұраныс көп. Ал біз қазір қандай мессенджерлерге рұқсат беруге болатыны, қандайына балаға рұқсат бермеу керектігін сынап көріп жатырмыз. Өйткені бұл өте маңызды мәселе екенін бәріміз жақсы білеміз. Біз қазір қалыптасу үстіндеміз.

Көп балалы әке, блогер Серікжан Тілеулесов алғашқылардың бірі болып осы сим-картаны қолданды. Ол балалары үшін интернетті шектеп отыру қажет деп санайды. Өзі үлкен қызын SIM KIDS-ке қосты. Қазір қызы жазғы демалыс лагерінде. Ата-анасы оның орналасқан жерін көріп, телефонды қанша уақыт ұстағанын бақылап отыр.

Серікжан Тілеулесов, блогер:

- Біріншіден, оған ұнамады. Балам, қызым мен тегіннен тегін кіріп қарай бермеймін әрқашан. Сенің қоңырауларыңды тексермеймін. Құдай сақтасын, бірнәрсе болып қалса, әрдайым мен сені білемін. Сенің қайда жүргеніңді. Телефоның қайда жатқанын. Саған қоңырау шала алам. Және дауыссыз болған кезде қоңырау шалып, қай жерде жүргенін білем. Оған қатты ұнағаны SIM KIDS-де әртүрлді тапсырма берёмін. Үйде төсек жинап қойсаң, 50 теңге, сондай сыйлықтар бар екен. Өған өте ұнады қызыма.

SIM KIDS-ті қазір фирмалық байланыс дүкендерінен сатып алуға болады. Әзірге жоба сынақтан өтіп жатыр. Оны әзірлеушілер ата-аналардың талап тілегін ескеріп, картаны одан әрі жетілдіреді. Ал, жаппай сатылымға жаңа оқу жылының қарсаңында шығады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев