АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Конгреске хат жолдап, Ирандағы әскери операцияларды жүргізу үшін заң шығарушылардың мақұлдауы қажет емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұған қазіргі қолданыстағы атысты тоқтату режимі негіз болып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.

Бір хат Өкілдер палатасына, екіншісі Сенатқа жолданған.

«2026 жылғы 7 сәуірде мен екі апталық атысты тоқтату туралы шешім қабылдадым. Содан бері бұл режим ұзартылды. 2026 жылғы 7 сәуірден бері АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында оқ алмасу болған жоқ. 2026 жылғы 28 ақпанда басталған әскери қимылдар тоқтатылды», — деп жазды ол.

Сонымен қатар, Ақ үй басшысы АҚШ-тың Иран режиміне қарсы сәтті операциялары мен тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігеріне қарамастан, Иран тарапынан АҚШ пен оның қарулы күштеріне төнетін қауіп әлі де елеулі екенін атап өтті.

Трамп Конгресс басшылығын алдағы жағдайлардан хабардар етіп отыруға уәде берді.

Хаттар конгрессмендер тарапынан соғыс жүргізуге ресми рұқсат беру мәселесі дауысқа шығарыла ма деген сұрақтар көбейген тұста жолданған. 1973 жылғы Соғыс өкілеттіктері туралы резолюция бойынша, егер әскери қақтығыс 60 күннен ұзаққа созылса, президент Конгрестің мақұлдауын сұрауға міндетті. Заң әскерді өңірден қауіпсіз шығару үшін 30 күнге ұзарту мүмкіндігін қарастырады. Алайда Трамп өз хатында бұл туралы айтпаған.

"Мен АҚШ-тың сыртқы саясатын жүргізу бойынша өз міндеттеріме және конституциялық өкілеттіктеріме сәйкес, сондай-ақ бас қолбасшы және атқарушы билік басшысы ретінде АҚШ қарулы күштеріне бұйрықтар бердім және бере беремін", — деп атап өтті Ақ үй басшысы.

АҚШ-тың Иранға жасаған әскери соққылары ресми түрде 28 ақпанда басталды, алайда Трамп әкімшілігі Конгреске қақтығыс туралы 2 наурызда хабарлады, материалда 60 күндік кері санақ дәл осы күннен басталғаны айтылады.

Жұма күні Трамп Ақ үйден шығып, Флоридаға бара жатқанда журналистерге Конгрестің мақұлдауын сұрауға ниеті жоқ екенін мәлімдеді.

"Мұндай жағдай бұған дейін талай рет болған, бірақ ешкім бұрын мұндай рұқсат алған емес. Мұны мүлде конституцияға қайшы деп санайды. Дегенмен біз Конгреспен үнемі байланыстамыз. Бірақ бұған дейін ешкім мұндай рұқсат сұрамаған. Ешкім бұл туралы өтінбеген. Бұл ешқашан қолданылған емес. Ендеше біз неге өзгеше болуымыз керек?" — деді ол.

РЕПОРТЕР: Бұны ұзарту үшін неге Конгресстің мақұлдауын алмай жатырсыз?@POTUS: "Себебі бұған дейін ешкім оны сұрамаған... бірақ біз Конгресспен әрдайым байланыстамыз. Бұрын-соңды ешкім мұндай рұқсат алмаған, ешкім бұл туралы өтініш білдірмеген... неге біз басқаша болуымыз керек?" pic.twitter.com/8L8n4xOzJm

— Rapid Response 47 (@RapidResponse47) 2026 жылғы 1 мамыр

Күні кеше CBS News телеарнасы АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы америкалық қазынаға шамамен 50 миллиард долларға түскенін хабарлады — бұл Пентагон ұсынған ресми деректерден шамамен екі есе көп.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget