Қарағандыда роботтар адам миына отаны жасай бастады. Құлтемір білікті маманмен бірлесіп жұмыс істейді. Жадысына жасанды интеллект енгізілген құрылғы ота жасап жатқанда миллиметрге жетпейтін дәлдікті ұстанады. Мамандар бұл Паркинсон, эпилепсия және ми ісіктеріне отаны сәтті жасауға мүмкіндік береді дейді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Робот жүйесіне анализдер мен мидың ісігі бар тұсының суреті енгізіледі. Осы арқылы ол ісікке жетер ең қысқа жолды тауып береді екен.
"Ота кезінде робот біз тесетін жерді нақты көрсетіп береді. Бұл сол бөлікке жарақат келтірмей ісікке тура жетуге мүмкіндік береді. Тайып кету, шатасу адамға тән нәрсе. Ал роботта ондай жоқ", — дейді Х. Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының нейрохирургия орталығының жетекшісі Ғабит Махамбаев.
Эпилепсиясы бар науқастарға ота жасағанда, оның ауру ошағына электродтар қоюға да робот қатысады. Дегенмен қиын ота кезінде негізгі тұлға дәрігер болып қала береді. Роботтың да артықшылығы көп: жасанды интеллект көмегімен шешімді тез қабылдайды, шаршамайды, уақыт үнемдейді. Сонысына қарай бағасы да арзан емес. 400 миллион теңгеге Қытайдан сатып алынған.
"Ұзақ уақыт таңдадық. Біз қалаған модельді бір жарым жылға жуық қарадық, сол уақыт ішінде біздің мамандар сол елге барып тәжірибе жинақтады. Техникамен танысып, жұмыс істеуге машықтанды", — дейді Х. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Жалпы науқастар нейрохирургия бөлімінің жаңа қызметкеріне күмәнмен қарайды. Алайда дәрігерлер ота кезіндегі негізгі жұмысты адам жасап, робот тек көмектеседі деді. Дегенмен болашақта бәрі өзгеруі мүмкін екенін де жасырмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!