Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысына Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кейінгі 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 миллиард теңгеден аса қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі — 70 пайыз.
"Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді", — деді өңір әкімі.
Мемлекет басшысы облыс қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!