Қостанай қаласының маңындағы орман алқабында 3 күндік балалардың экологиялық лагері ұйымдастырылды.
Оған 12 мен 16 жас аралығындағы 60 жеткіншек қатысты. Іс-шараның мақсаты — «Таза Қазақстан» бағдарламасының құндылықтарын насихаттап, балалардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Олар үш күн палаткада түнеп, табиғи ортада өзін ұстау қағидаттарын үйренді. Түрлі ойындар, тренингтер арқылы қоршаған ортаға бейімделіп, әлеуметтік желіде насихаттау әдістерін меңгерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың табиғатқа деген қызығушылығын оятып қана қоймай, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға септігі мол.
Наурызбек Бірмағамбетов, Экологиялық лагерді үйлестіруші:
- Палаткалық экологиялық лагерь — бұл тек демалыс емес, экологияны тереңірек тануға, қоршаған ортамен етене араласуға бағытталған алаң. Мұнда балалар экологиялық сабақтардан тыс, табиғат қорғау шараларына қатысады. Осының бәрі олардың жауапкершілігін арттырып, ойлау қабылетін дамытады.