Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады .

Президент осы мәселе жөнінде кеңес өткізіп, саланың маңызын салыстырмалы түрде саралап берді. Мысалы, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4 трлн 800 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Сауда және даму жөніндегі конференциясының болжамы. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7-ден 29 пайызға дейін артады. Мемлекет басшысы аталған салада бәсекенің күшейгенін айтты. Биыл шілдеде Дональд Трамп Әкімшілігі «America’s AI Action Plan» стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс бағыттарында көшбасшы боп тұру құралы ретінде қарастырылған. Қытай жасанды интеллект ынтымағын дамыту бойынша жаһандық ұйым құру бастамасын көтерді. Осылайша цифрлық алшақтықты жойып, тұрақты қолдану және пайдалану этикасын қалыптастыруға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің де құжаттарын зерделеп, нақты қорытынды жасауды тапсырды. Сондай-ақ Президент ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті. «AI-Sana» оқыту бағдарламасының мақсаты да сол. Студенттердің дағдысын жетілдіру. Бұл жобаның ауқымын барынша кеңейте түскен абзал.