Жамбыл облысында болған өліммен аяқталған жол апатынан екі адам көз жұмды, тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендер – танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірлік полиция департаменті зардап шеккендердің аты-жөнін нақтыламағанымен, апат бойынша ресми мәлімет ұсынды.
"2025 жылдың 27 шілдесінде сағат 08:50-де республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі, Қарағанды облысы тарапынан Алматы қаласына бағыт алған, рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді", – делінген Жамбыл облысы ПД хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасына байланысты полиция ҚР ҚК "Көлік құралын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелуі" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Алайда полиция зардап шеккендердің аты-жөнін ресми түрде жарияламағанымен, Tengrinews.kz дереккөзіне сүйенсек, көлікте расында UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жары отырған.
Желіде де апатқа қатысты мәліметтер тарап жатыр. Белгілі болғандай:
"Апат Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында болған. Гүлайым Рахмонова ұлы мен құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға келе жатқан. Алматы – Екатеринбург трассасының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser жол апатына ұшыраған – жүргізуші рөлге ие бола алмаған. 39 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды, тағы бір 35 жастағы әйел ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Рахмонова мен ұлы Шуға жеткізілген, жағдайы – орташа ауыр", – делінген әлеуметтік желідегі жазбаларда.
Спортшының командасы әзірге жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Шавкат Рахмонов кім?
30 жастағы қазақстандық спортшы – самбо мен MMA бойынша спорт шебері, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы. 2014 жылдан бері кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді.
2020 жылдың қазанынан бастап UFC-де Қазақстан атынан бақ сынап жүр. Ол – UFC-де чемпиондық жекпе-жекке жақындаған тұңғыш қазақстандық спортшы. Алайда Белал Мұхаммедпен жоспарланған жекпе-жек қарсыластың жарақатына байланысты өтпей қалған.
Рахмонов UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Соңғы рет ол Иэн Гэрримен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңімпаз атанды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз