Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Telegram-арнасында Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға баж салығы енгізілуіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не болды?
АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Вашингтон 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын енгізетінін хабардар етіп, хат жолдады.
Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшы пікірі
Сарапшы көктемде 27 пайыз салынатыны айтылғанын, қазір Америка үкіметі 25 пайызға тоқтағанын жеткізді.
Ол Қазақстанның экспорты 2024 жылы 81,6 миллиард долларға жеткенін, соның ішінде АҚШ-қа экспорт көлемі 2 миллиард доллар болғанын, яғни 2,5 пайызы екенін айтты. Ал Сауда министрлігінің көктемгі бағалауы бойынша АҚШ-қа қазақстандық экспорттың 92 пайызы — уран, көмірсутектер, ферроқорытпалар және бағалы металдар, бұлар қосымша тариф салынбайтын тізімге енеді.
Осылайша жаңа баж салығы АҚШ-қа жеткізілетін қазақстандық экспорттың шамамен 160 миллион долларына, яғни 8 пайызына ғана әсер етеді. Америкалық бюджетке қосымша төлемдер жылына бірнеше ондаған миллион долларға жетеді деп болжанып отыр.
"Бұл көптеген ел үшін тарифтердің жүйелі өсуі екенін халықаралық инвесторлар жақсы түсінеді. Америкалық тариф өсуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына әсер етуі екіталай.
ҚР Үкіметі күту позициясын ұстануы және қандай да бір қарсы шаралар қолданбауы мүмкін. Америкалық баждың америкалық инфляцияға, америкалық өнеркәсіпке және АҚШ-тың басқа елдермен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін көру керек", — деп қорытындылады Ғазиз Әбішев.
Бұған дейін не белгілі?
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады.
Базалық тариф 10 пайыз деңгейінде, алайда ол көптеген мемлекет үшін жоғары болмақ. Мәселен ЕО елдерінен келетін тауарға 20 пайыз, Швейцария үшін 31 пайыз, Ұлыбритания үшін 10 пайыз, Израиль үшін 17 пайыз, Қазақстан үшін 27 пайыз болады делінді.
Ең жоғары төлем Вьетнамға (46 пайыз), Камбоджаға (49 пайыз), Лаосқа (48 пайыз) жүктелген еді.
Кейінірек Қазақстанның Сауда министрлігі осы жағдайға пікір білдірді.
Біраз уақыттан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды қоспағанда, әлем елдерінің тауарларына бұған дейін жариялаған баж салығын 90 күнге тоқтатты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!