Шерзат Полаттың ісі бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық істі қараған судья Ержан Жанұзақов мемлекеттік айыптаушылар сұраған жазаны өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды 24kz.
Ең ауыр жаза «Адам өлтірді» деп айыпталған Абзал Шынасылға берілді.
Ержан Жанұзақов, Алматы облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
- ҚК 54-бабына сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен Абзал Нұрғалиұлы Шынасылға түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемелерінде өтеу белгіленсін. Шынасылға жазасын өтеу үкім күшіне енген сәттен бастап енгізілсін.
Сонымен қатар Равиль Сәкиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға және Нұрқияс Ілиясов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге 120 миллион теңгеге жуық өтемақы өндіру туралы үкім шықты.
«Ал, төрт куәнің іс-әрекетіне Алматы облысы прокурорының назары аударылсын», — деген жеке қаулы шығарылды. Айта кетейік, қайғылы оқиға былтыр қазан айында Талғар ауданында болды. Төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Соған байланысты 9 күдікті ұсталып, оларға қатысты 62 томнан тұратын іс қозғалды. 40-тан аса медициналық сараптама жасалып, 200 куәден жауап алынды. Ашық сот процесі сәуір айының онынан басталып, бүгін аяқталды.