Күдікті ұсталды.
Талдықорғанда 20 жастағы студент кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Оқиға туралы ақпарат желіде пайда болды. Талдықорғанда 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы футбол матчын көргеннен кейін қаза тапқаны айтылған. Марқұмның анасының сөзінше, 7 мамыр күні кешке ұлы достарымен футбол көруге кеткен. Пәтерде он шақты адам, соның ішінде 17 жастағы мектеп оқушысы да болған. Оқиға барысында жастар арасында жанжал туындап, олар сыртқа шығып кетіп, кейін қайта жолыққан. Анасы мектеп оқушысының Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ сұққанын айтады. Ауыр жарақат алған жігіт көз жұмған.
Қайғылы оқиға алдында анасы ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Әйелдің сөзінше, баласының көңіл-күйі жақсы болған, әзілдесіп, кейін тағы хабарласатынын айтқан.
Жетісу облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені атқарылуда. Тергеу барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", –
делінген ақпаратта.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.