Қарағанды облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы күшейтілді.

Биыл өңірдегі ахуал күрделі. Зиянкестерді жоюға арнайы техника, жеңіл ұшақтар мен дрондар жұмылдырылған. Алдын ала анықталған ошақтарға әуеден пестицид себіледі. Бүгінгі таңда өңірде шегірткенің саяқ түріне қарсы 3200 гектар жер уланған. Көк шалғынның аса қауіпті жауы италиялық шегіртке түрі де биыл өте көп.

Өңірде шегірткенің италиялық түріне қарсы улау жұмыстары 20 мамырда басталды. Бұл үйірімен жүріп жолындағысын тып-типыл ететін нағыз зиянкес. Тәулігіне 160 шақырым жерді жүріп өтеді, дейді мамандар. Жәндіктердің алдымен ошағы анықталып, сол аумақтарға жаппай пестицид себіледі. Бүгінгі таңда италиялық шегірткеге қарсы 14 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген.

Қайрат Мұхамеджанов, республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалының директоры:

- Әрине былтырғыға қарағанда көп. Бұл өзі табиғаттың құбылысы, 12 жылдық көтерілу деңгейі. Мақсатымыз мынау ошақтарын жою. Қарағанды облысы бойынша 59 300 гектар жер анықталса, қазіргі таңда 27 пайызына жасалды.

Ал саяқ түріне қарсы 3200 гектар жер уланған. Олар егінге, шалғынды жерлерге аса көп зиян келтірмейді. Бірақ көбейіп кетсе қауіпті. Зиянкестерге қарсы даланы улау жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, оған қажетті химиялық сұйықтар, құрал-жабдықтар мен жанармай алынған.

Жасұлан Ешмұханов, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының басшысы:

- Жоспарланған химиялық өңдеу жұмыстарында қазіргі уақытта 9 жерүсті бүріккіштері, бір жеңіл ұшақ, бір дельтаплан және 4 агродрон жұмыс істеп жатыр. Экономикалық зиянды шегі деп үйірлі шегірткелер үш данадан артық болса онда химиялық өңдеу жүргізуге болады. Соған байланысты қазір енді дернәсілдері анықталған аумақтар белгілі болса, мамандар хабар беріп, тез арада химиялық өңдеу жүргізіп жатырмыз.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қажетті техника мен препараттар жеткілікті. Химиялық өңдеу жұмыстарына барлығы 136 маман мен арнайы техникалар жұмылдырылған. Жолсыз, техника өте алмайтын жерге жеңіл ұшақтарды, дрондарды пайдаланады. Мысалы, бір мынадай ұшақ күніне 4000 гектар жерге пестицид сеуіп шығады.

Сырым Бошпанов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Үйірлі шегірткеге қарсы іс-шаралар ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдіктерімен жүргізіледі. Ал саяқ шегірткеге қарсы жергілкті атқарушы органның бюджет есебінен атқарылады. Осы шараға мысалы биыл саяқ шегірткеге қарсы 34 мың гектарға 146 миллион теңге бөлініп, осы шараны жүргізетін мердігерлер анықталды.

Мамандар өзге шекаралас өңірдегі әріптестерімен бірлесіп жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Павлодар, Абай, Жамбыл және Қызылорда облыстарымен бірге шегіртке ошақтары анықталған аумақтар залалсыздандырылып жатыр. Ауа райы қолайлы болса жұмыс шілде айына дейін аяқталады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит