Олжас Бектенов Үкімет отырысында шегірткенің таралу қаупіне байланысты мониторингті күшейтіп, алдын алу шараларын жедел жүргізуді тапсырды.
Премьер-министр Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, шегірткенің таралу болжамдарын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Үкімет отырысында Азат Сұлтанов биыл көрші елдерде шегіртке зиянкестері шамамен 1,2 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, шекара маңындағы аумақтарда тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Зиянкестердің ұшып келу қаупі туындаған жағдайда қосымша техника тартылып, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы республика бойынша 2,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін өңдеу жоспарланған. Қазір қажетті техника, мамандар мен препараттар дайындалған.
Олжас Бектенов мұндай жағдайда ең маңыздысы — уақытты өткізіп алмау екенін атап өтті.