Павлодар облысына биыл 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды.

Өткен жылмен салыстырғанда өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 1 жарым есеге артқан. Қазір аймақта 102 ірі жоба жүзеге асуда. Осының нәтижесінде, өнеркәсіп, туризм, энергетика, медицина, көлік және логистика салалары бойынша 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндірісі өркендеген аймақта экология мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Зиянды қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін болдырмау үшін зауыттарға заманауи экоқондырғыларды орнату көзделген. Мәселен, жақында ғана Екібастұзда ашылған ферроқорытпа зауытында зиянды заттарды ауаға таратпайтын, гибридті сүзгілер қойылуған. Бұл тәжірибе алдағы 5 жылда аймақтағы өзге де ірі кәсіпорындарға енгізілмек. Бұдан бөлек, облыс орталығында пластик, металл, қағаз және шыны заттарын қайта өңдейтін алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтереді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

"Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды. Бұл кешен келесі жылдың мамырында іске қосылатын болады. Аймағымыз ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар бойынша елде көш бастап тұр. Биыл бұл көрсеткіш 225 млрд теңгеге жеткізіледі".