IPO аясында тартылған қаражат ҚТЖ-ның өз қажеттіліктеріне жұмсау үшін оның иелігінде қалады.
ҚТЖ-ның үш реттік листингісімен IPO-сын 2026 жылы өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Самұрық-Қазына" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Самұрық-Қазына" АҚ (бұдан әрі – "Қор") және "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ (бұдан әрі – "ҚТЖ") ҚТЖ-ның бағалы қағаздарын бастапқы жария орналастыруға (бұдан әрі – "IPO") қатысты келесі ақпаратты ұсынады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы №894 "Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, ҚТЖ-ның IPO-сын 2026 жылы өткізу көзделген. Бұл Қор мен ҚТЖ-ның мақсаттарының бірі болып қала береді", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қор ҚТЖ-мен бірлесіп халықаралық IPO өткізуге белсенді дайындалып жатыр. IPO аясында Лондон және Гонконг қор биржаларында (LSE және HKSE), сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті биржада үш реттік листинг жүзеге асырылады деп жоспарланған.
"IPO тек орналастыру арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда (яғни үлестік бағалы қағаздарды бастапқы бағалы қағаздар нарығында ҚТЖ-ның өзі сатады), яғни Қор бағалы қағаздарды қайталама бағалы қағаздар нарығында сатумен айналыспайды. Осылайша, IPO аясында тартылған қаражат ҚТЖ-ның өз қажеттіліктеріне жұмсау үшін оның иелігінде қалады. IPO аясында тартылатын қаражатты борыштық міндеттемелердің бір бөлігін өтеуге және теміржол инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға, жылжымалы құрам паркін жаңартуға, сондай-ақ жалпы алғанда елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруға жұмсау жоспарланған. ҚТЖ-ның IPO-сы, кез келген басқа компания секілді, едәуір дайындық жұмыстарын талап етеді. Оның ішінде активтің сыртқы инвестициялар үшін тартымдылығын арттыру мәселелері де бар. Қазіргі уақытта мұндай дайындық жұмыстарын Қор мен ҚТЖ Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімімен жүргізіп жатыр. Әзірге дайындық жұмыстарын егжей-тегжейлі жариялау мүмкін емес", – деп жазады компанияның баспасөз қызметі.
ҚТЖ тартатын инвестициялық банктер IPO өткізу мерзіміне жақын уақытта қаржы нарықтарындағы ахуалға жан-жақты бағалау жүргізеді. Аталған бағалау, сондай-ақ ҚТЖ-ның IPO-ға дайындығы мен инвесторлардың қызығушылық деңгейі IPO-ның нақты мерзімдері мен параметрлеріне әсер етеді.