Абай облысының 15 ауылы «ішімдіксіз елді мекен» мәртебесін алып, тұрғындар мен жергілікті билік бірлесіп, алкогольді қолданудан бас тартты. Жобаның нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар азайып, құқықтық тәртіп күшейді, ал ауыл тұрғындары өз өмірін қауіпсіз әрі тыныш етуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде өңірдің 15 ауылы ресми түрде алкоголь сатпайтын және қолданбайтын «ішімдіксіз елді мекен» мәртебесін алды. Бұл шешім жергілікті тұрғындардың, әкімдіктердің және учаскелік полиция инспекторларының бастамасымен қабылданған.
Ауыл жиналыстарында тұрғындар мен қоғам белсенділердің пікірі ескерілді. Аталған бастама облыстың 10 ауданын қамтыды: Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Мақаншы, Аягөз, Үржар, Бесқарағай, Жаңасемей, Бородулиха және Абай аудандары. Барлық елді мекендерде тұрақты полицейлік бақылау ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ауыл ақсақалдары мен жастар көшбасшылары да іс-шараларға белсенді түрде тартылды. Абай облысы полиция департаментінің басшысы Эльдар Данияров жобаның тиімділігін атап өтті.
«Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар саны айтарлықтай азайды, мас күйінде жасалатын қылмыстар деңгейі төмендеді, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ауыл тұрғындарының қатысуы күшейді. Ішімдіксіз ауыл – бұл тыйым салу емес, халықтың саналы таңдауы. Біз азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі тыныш етуге бағытталған әр бастаманы қолдаймыз», деді департамент басшысы.
Айта кетейік, алғаш болып бұл бастаманы Ақсуат және Абай аудандарының ауылдары қолдады, кейін өзге аудандар да қосылды. Әрбір елді мекенде учаскелік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобаның орындалуын қамтамасыз етті, криминогендік жағдайдағы өзгерістерді бақылап, тұрғындарға қолдау көрсетті.