Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті, даңқты боксшы Геннадий Головкин француздың Francs Jeux басылымына кең көлемді сұхбат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Қазан айында Головкиннің есімі World Boxing халықаралық федерациясын басқаруға үміткерлер тізіміне енгізілгені белгілі. Француз журналистері атақты спортшыдан дәл қазір сайлауға түсуге не түрткі болғанын сұрады.

Головкиннің айтуынша, бокстың Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін деген әңгімелер оны бей-жай қалдырмаған. Оның пікірінше, дәл қазір боксты қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

«Мен боксты Қазақстандағы шағын залда бастадым. Барлық сатылардан өттім және спортшылардың қандай қиындықтардан өтетінін жақсы білемін. Бокс менің өмірімді қалыптастырды, бірақ сонымен бірге жүйе істен шыққанда бұл өмірдің қаншалықты осал болатынын да көрдім», – деді Головкин.

Ол өзінің басты мақсаты жинаған тәжірибесін қолданып, бокс әлемін әділ, ашық және таза етуге атсалысу екенін атап өтті.

Головкин тек президент лауазымына ғана емес, сондай-ақ ұйымның вице-президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне де кандидатурасын ұсынған.

«Мен президенттік сайлауда жеңіске жетемін деп сенемін. Бірақ егер бұл орындалмаса, ұйымға басқа лауазымда болса да пайда әкелуге әзірмін», – деді ол.

Қазақстандық ҰОК басшысы бокстың Олимпиададан шеттетілу қаупіне қатысты пікір білдіре отырып, Халықаралық олимпиадалық комитет үшін шешуші фактор – нақты іс пен нәтижелер екенін айтты.

«Әр спорт түрі өз орнын дәлелдеп отыруы тиіс: атлеттерді қорғау, гендерлік теңдік, толық ашықтық. Ал бокс үшін бұл – төреліктен бастап басқаруға дейін мінсіз әділдік. Осы талаптарды мүлтіксіз орындасақ, бокс Олимпиадалық бағдарламада ғана қалмай, өз орнын күшейте түседі», – деп түйіндеді Геннадий Головкин.

Еске салайық, World Boxing ұйымының жаңа президентін сайлау 23 қарашада Римде, Конгресс барысында өтеді.