Қоғам белсендісі және кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Алагөзовтің 100 отбасына тегін үй беруін халықтың қолдауына қарамастан қатты сынға алды. Оның айтуынша, мұндай әрекет азаматтардың намысын аяққа таптап, масылдық психологияны қалыптастырады,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.

«Тегін беру – біреуді қорлау, мазақтау. Адамдарға жағдай жасау керек, олар өзіне керегін өз еңбегімен тапсын. Балық берме, қармақ бер!», – деді Нұрсила.

Ахметбек Нұрсила өз сөзінде АҚШ-тағы «Пруитт-Айгоу» тұрғын үй кешенінің сәтсіз тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл жоба бастапқыда әлеуметтік мақсатта салынғанымен, масылдық пен қылмыстың ошағына айналып, ақыры жойылған.

«Америкада да тегін үй беру тәжірибесі сәтсіз аяқталды. Пруитт-Айгоу кешені қирап, орнына орман мен мектептер ғана қалды. Масылдық қауіпті бағыт», – деді ол.

Ахметбек Нұрсила Алагөзовтің тегін үй таратуын халықты улап тапқан ақшаның қайтарымы деп бағалап отыр.

«Ол Қазақстандықтарды Макси Чай және сырамен улап тапқан ақшасының 1%-ын итке сүйек лақтырғандай лақтырды. Халық соған мәз», – деп жазды Нұрсила.

Ол «Макси Чай» мен алкоголь өнімдерінің зияны туралы мамандар мен Жасанды Интелектен ақпарат сұрауға кеңес берді.

Ахметбек Нұрсила тегін үлестіруден гөрі азаматтарға табыс табуға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік бағдарламалар еңбекті ынталандыру арқылы құрылуы тиіс.

Желі қолданушылары арасында бұл пікірлер екі түрлі қабылдануда: бір тарап Алагөзовті қайырымды кәсіпкер ретінде қолдаса, енді бірі Нұрсила көтерген масылдық қаупін орынды деп санайды.