Дегенмен жасанды интеллект әлемдік ғылымға да, тарихқа да тың серпін беріп отыр. Арнайы жасақталған нейрожүйелер көне қолжазбаларды талдауға, олардың мазмұнын қалпына келтіруге және тарихи деректерді сақтауға мүмкіндік береді.

Ватиканның Апостолдық архиві мен кітапханасы 2010 жылдан бастап көне қолжазбаларды электронды форматқа көшіру жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаты — мәдени мұраны сақтау және бұрын ұмытылып кеткен авторлардың еңбектерін халыққа қайта таныту. Қазір кітапханада шамамен 82 мыңға жуық қолжазба бар. Соның ішінде 27 мыңнан астамы цифрландырылып, интернет арқылы көпшілікке қолжетімді етілген.

Нидерланд, Дания, Италия және Бельгия ғалымдары бірлесіп нейрожелі көмегімен Өлі теңіз қолжазбаларының нақты жасын анықтады. Жасанды зерде көне заман мәтіндерін авторлардың жазу стилі арқылы саралады. Нәтижесінде, өткен ғасырдың ортасында Иудей шөліндегі Кумран үңгірлерінен табылған мәтіндердің жас мөлшері 2 мыңнан асатыны белгілі болды. Ғалымдар олар біздің заманымызға дейінгі III ғасыр мен біздің заманымыздың II ғасыры аралығында жазылған деп отыр.

Оксфорд университетінің ғалымдары да көне грек мәтіндерін зерттеуде жасанды интеллектіні пайдалана бастады. Жүйе тек ежелгі қолжазбалардың мағынасын аударып қана қоймай, сонымен бірге жоғалған бөліктерін де қалпына келтірген. Жасанды зерде 78 мыңнан астам мәтінді қарап шыққан. Ғалымдар айтуынша, жүйе дінмен байланысты тарихи қолжазбаларды 62 пайыз дәлдікпен анықтап шыққан.