Соңғы 3 жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік жүкті транзиттік тасымалдау 3 есеге артты.

Мәселен, 2020 жылы 30 мың контейнер өтсе, былтырғы көрсеткіш 58 мыңнан асты. Ал биыл жыл басынан бері 43 мыңнан астам контейнер тиелген. Бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасында маңызды транзиттік көпірге айналғанын көрсетеді. Әрі биыл Ақтау теңіз порты аумағында Каспий акваториясындағы ең ірі контейнерлік хаб пайдалануға берілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында былтыр біздің ел арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 млрд тоннадан асқанын атап өтті. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар екенін айтты.

Арман Жақыпов , «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ атқарушы директорының міндетін атқарушы:

- Контейнерлік хаб жұмысының алғашқы кезеңі Ақтау теңіз сауда портында 140 мың контейнерге дейін ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Ал екінші кезеңде 280 мың жиырма футтық эквивалент контейнерді ауыстырып, өткізеді деп күтіледі. Жобаның бірінші кезеңін жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.