Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігі қамбаға құйылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қазір өңірде 1,2 млн тоннаға жуық бидай жиналды. Өңірде орақ науқаны қалай жүріп жатыр? Биыл өнімді қабылдауға элеваторлардың мүмкіндігі жете ме?

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 4,5 млн гектар жерге дән себілді. Оның басым бөлігі – бидай. Қазір диқандар ала жаздай баптап өсірген өнімін жинап, күндіз – түні егін басында жүр.

Александр Хитров, фермер:

- Бүгінгі күні бидайды бастырып болдық. Гектарынан орташа есеппен 38 центнер өнім түсті. Сапасы туралы айтатын болсақ, егіннің 70 пайызы ылғалды. Қазір оны элеваторға жеткізіп, кептіріп жатырмыз. Енді майлы дақылдар орылады.

Орақ науқанына 24 мың комбайн, трактор мен жүк көлігі жұмылдырылған. Шаруаларға орақ науқанына Үкіметтен арзандатылған бағамен 68 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Қазір 800 мың гектарға жуық егін алқабы орылды.

Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда элеваторларға 281 мың тонна өнім түсті. Жаз жаңбарлы болды. Бұл егіннің сапасына кері әсірені тигізбей қойған жоқ. Мысалы, қабылданған 89 мың тонна бидайдың 29 пайызы үшінші класқа жатады.

Биыл солтүстікқазақстандық шаруаларға мемлекет тарапынан 200 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау жасалды. Мамандардың айтуынша, ауа-райы ашық болса орақ науқаны 3 аптаның ішінде аяқталуы тиіс.

СҚО-да 45 лицензиялық элеватор мен шаруашылықтардың меншігінде қосымша астық сақтау қоймалары бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 6,9 млн.тоннаны құрайды. Бұл биылғы егінді толық сақтауға мүмкіндік береді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков, 24kz