Солтүстік Қазақстан облысында індет ошағы анықталған ауылда шектеу шаралары енгізілді. Қауіпті ауру мал мен адам денсаулығына қатер төндіріп отыр, деп жазады Egemen.kz.


7 арнаның мәліметінше, құтыру ауруының дерегі Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында тіркелген. Мұнда жергілікті тұрғын итінің мінез-құлқы күрт өзгеріп, агрессивті бола бастағанын байқап, ветеринар мамандарға жүгінген. Оқиға орнына барған мамандар қажетті сынамалар алып, зертханалық тексеріс жүргізіп, құтыру ауруын растаған.

БҚО-да 4 адамға құтырған қасқыр шапты

Әзірге инфекцияның нақты қайдан жұққаны белгісіз. Мамандардың болжамынша, ауру жабайы жануарлар арқылы таралуы мүмкін.

Осыған байланысты елді мекенде карантиндік шектеулер енгізіліп, жануарларды сатуға және сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды. Індеттің таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қолға алынған.

Ветеринария басқармасының өкілдері мәлім еткендей, дезинфекция және жануарларды құтыруға қарсы егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 45 жануарға вакцина салынған: оның ішінде 36 ірі қара, 1 ит және 8 мысық бар.

Өңірде жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Жыл басынан бері ит қабуынан 200-ден астам адам зардап шеккен.

Түлкіден тараған ауру: Зайсанда ірі қара мал арасында құтыру ауруы тіркелді