Мектеп оқушылары да жұмыс істеп, ақша таба алады. Жаз бойы Enbek.kz арқылы 5 мыңнан астам жасөспірім ресми жұмысқа орналасқан.
Ол үшін электронды еңбек биржасы платформасында «Менің жазғы каникулым» атты арнайы бөлім құрылды. Сол арқылы демалыс кезінде 14 пен 18 жас аралығындағы 5 400 оқушы еңбек етуге мүмкіндік алды. Жаспөспірімдер платформаға жалпы саны 13,600 түйіндеме жариялаған. Биыл талаптарға сай келетін шамамен 80 мамандық бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды. Олардың қатарында тәрбиешінің көмекшісі, дүкен сатушысы, тазалаушы-жуушы, SMM-менеджер, курьер сияқты қызметтер бар.
Еңбек кодексіне сәйкес, жасөспірімдер14 жастан бастап ресми түрде жұмыс істей алады. Бірақ оқушыларды еңбекке тартудың өз талап-шарттары бар.
Аягөз Бақытбек, мемлекеттік еңбек инспекторы:
Жасөспірімдер күндізгі және жеңіл жұмыс түрлеріне тартылуға рұқсат берілген. Жұмысқа тартуға болмайтын салалар қарастырылған. Зиянды жұмыстарға және еңбек жағдайлары ауыр, зиянды, қауіпті жұмыстарға тыйым салынған. Оқудан бос уақытта, олардың оқу процесіне кедергі келтірмейтін және оның дамуына кедергі келтірмейтін жұмыс жасауға мүмкіндік берілген.
Жазира Оразқызы