Алматыда 25 күннен кейін табылған жасөспірім қамауға алынды. Бұған дейін оның 28 шілдеден бері іс-түссіз кеткені хабарланған. 16 жастағы жасөспірім қоқыс тастауға шығып, оралмаған. Анасының сөзінше, үш ер адам жасөспірімді көлікке күштеп отырғызып, Шымкентке алып кеткен. Артынша Түркістан облысына алып барған жерінен баласы қашып үлгерген. Қала полициясы әйелдің құқық қорғау органдарына тамыздың басында жүгінгенін растады. Құзырлы орган мәліметінше, жоғалып кеткен жасөспірім аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша күдікті ретінде танылған. Оның кәмелетке толмағанын ескере отырып, оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған. Алайда ол бұл шараны бұзып, жасырынған. Кейін сот санкциясы өзгертіліп, қамауға алу туралы шешім қабылданды. Полиция жасөспірімге медициналық тексеріс жүргізілгенін, денесінде ешқандай жарақат анықталмағанын хабарлады.

Қуан Нұрақын