Биыл отандық көлік саласы алғашқы 6 айда 22,7%-ке дейін қарқынды өсім көрсеткен, деп хабарлайды 24kz.
Сәйкесінше, көлік дәліздері белсенді дамып, озық цифрлы технологиялар енгізіліп жатыр. Одан бөлек саланы одан әрі дамыту үшін білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп, қосымша гранттар бөлініп жатыр.
Еліміздің көлік саласында 800 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш ірі инфрақұрылымдық жобалардың толықтай жүзеге асуына септігін тигізіп жатыр. Қазір елде 1300 шақырымнан астам жаңа темір жол желілерінің, 12 мың шақырым автомобиль жолдары мен 3 жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек жыл сайын жүк және жолаушылар тасымалының көлемі артып келеді. 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін 100 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша көлік саласы 22,7% өсім көрсеткен.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Біздің алдымызда тұрған мақсат – 2029 жылға дейін Қазақстан арқылы, яғни, транзит жүктердің көлемін 100 млн тоннаға дейін үлкейту. Бұл енді өте үлкен көрсеткіш. Осының аясында жұмыстарды атқару үшін жаңа айтқанымдай бірқатар жоба іске асып жатыр. Ол бірінші кезекте теміржол желілерін салу, дәліздерді дамыту, әуе хабтарын дамыту, жаңа өзіңіз айтып кеткен жүк тасымалдауға арналған әуе компаниясы да салынып жатыр.
Соңғы 5 жылда елдегі транзит көлемі 50%-ке өсті. Ал Транскаспий дәлізіндегі тасымал 6 есеге ұлғайған. Транзит жағынан шығыстағы көршіміздің үлесі жоғары. Былтыр Қытайдан Еуропаға жеткізілген жүк көлемі 62%-ке артып, 4,5 млн тоннаға жеткен. Қазір елде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі жұмыс істеп тұр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің алдымызға көлік секторының әлеуетін арттырып, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту міндетін қойды. Бұл орайда жолаушылар мен жүк тасымалын қауіпсіз әрі үздіксіз қамтамасыз етіп отырған көлік қызметкерлерінің қажырлы еңбегі қашанда маңызды. Отандық көлік саласы биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша 22,7% деңгейінде қарқынды өсім көрсетті. Мұның барлығында өздеріңіз сияқты сала мамандары мен ардагерлерінің маңдай тері, адал еңбегі жатыр.
Көлік саласының мамандары – ел тынысын кеңейтуші тұлғалар. Олардың еңбегі – қозғалысқа жан бітіріп, халықты жақындастырып, уақыт пен кеңістікті қысқартатын қасиетті еңбек. Олар – алысты жақын еткен, бейнеті көп, бірақ мәртебесі биік мамандық иелері екені сөзсіз.
Авторы: Мерей Қанапия