Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалық етуімен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Жиында редакция алқасы басылымның бірінші томының қолжазбасын басып шығаруға әзірлеу үшін бекіту туралы ортақ шешім қабылдады. Сонымен қатар редакция алқасы басылымның екінші томының мазмұнын талқылады. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков басылымның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндап, «Түрік дәуірі» деп аталатын екінші томның ерекшеліктері мен жаңалықтарын атап өтті. Тарих ғылымдарының докторлары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелдиевтің, Оразақ Смағұловтың, тарих ғылымдарының докторлары Еркін Әбілдің, Айболат Көшкімбаевтің рецензиялары тыңдалды. Сондай-ақ редакция алқасының өзге мүшелері де оз ойын ортаға салды. Жиын соңында редакциялық алқа «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымның екінші томын жетілдіру жұмысын жалғастыру туралы және келесі отырыста басылымның үшінші томын қарастыру жөнінде шешім қабылдады.