Енді әкімдердің қызметі КРІ жүйесімен бағаланады. Ал жаңа жұмыс орындары цифрлық жүйеге енгізіледі. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында салаға жауапты министрліктерге тиісті тапсырма берді. Алда елдегі еңбек нарығын ауқымды өзгеріс күтіп тұр. Бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіп түрі жойылып, жаңасы пайда болды. Өнеркәсіпте 75, машина жасауда 8, сол секілді құрылыс пен тау-кен өндірісінде де кадр жаңарады. Оқу бағдарламалары да заман талабына сай бейімделеді.
Енді қала мен аудан әкімдері халықтың жұмыспен қамту көрсеткіштері үшін жауапты болады. Ал жергілікті биліктің қызметі жаңа жылдан бастап KPI жүйесі арқылы бағаланады. Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлік әкімдіктер мен салалық министрліктерге осыны тапсырды. Әсіресе уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға көңіл бөлінуі тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.
Технологиялар тез дамып келеді. Болашақта еңбекпен қамту орталықтарын роботтар алмастырса таңғалмаңыз. Еңбек нарығын цифрландыру жайлы баяндаған вице-министр Қаныш Төлеушин жасанды интеллектпен жұмысқа орналастыру агентін жасауды ұсынылды. Ол азаматтарға бос орындар мен компаниялар туралы ақпарат береді. Қазірдің өзінде тың технологиялар көмегімен миллиондаған қызмет көрсетілген.
Қаныш Төлеушин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:
- Есепті жыл бойынша азаматтар мен ұйымдар 27 мемлекеттік қызметке қол жеткізді, оның 23-і электронды форматта, оның ішінде 11-і проактивті форматта көрсетілді. Барлығы 4,1 миллион қызмет көрсетілді, оның 66% онлайн режимде болды. Қызметтердің көбі онлайн форматқа көшірілді. Бұл процесті жеңілдетіп, қызметтерді алуды жылдам әрі қолжетімді етті.
Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік мекемелер мен бизнестің деректерін біріктіріп, бірыңғай цифрлық жүйе жасайды. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен атқарылған істің тиімділігі бақыланады. Айта кетейік, қазір Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%. Ал 9 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған.