Спорт — денсаулық кепілі. Ал дене тәрбиесімен айналысуды әдетке айналдырған халық міндетті түрде дені сау, жан-жақты, болашағы жарқын елге айналары хақ.
Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлеуметтік желіде салауатты өмір салтын, спортты белсенді түрде насихаттайтын Елдос Серікбаевтан сұхбат алды.
Елдос Серікбаев — тұрақты түрде күнделікті спортпен айналысатын, тауға жиі шығатын қарапайым мұғалім. Instagram желісінде 11 мыңнан астам жазылушы оның спортты серік еткен өмірін бақылап, мотивация алады.
Елдос мырза, әлеуметтік желіде өзіңізді қарапайым мұғалім деп таныстырады екенсіз. Сұхбатты бастамай тұрып жалпы өзіңіз туралы оқырмандарымызға айтып берсеңіз. Спортпен қай кезден бастап шұғылданасыз? Тауға, спорттық жаттығуларға деген қызығушылығыңызға не әсер етті?
— Иә, басқаларға түсінікті болсын деп әлеуметтік желіде өзімді “қарапайым мұғалім” деп таныстырамын. Өзім ауылда, қарапайым отбасында туып өскенмін. Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Сұлукөл ауылы. 5-6 жасымнан сиырды табыннан айдап әкелуге баратынмын. Кейде жүгіріп те келетінмін. Далада ойнап, үйде, бақшада көмектесіп өскенмін. Ал 12 жасымда кеудені жерден көтеру (отжимание), тартылуға қызығушылығым пайда болды. Шпагатқа отырғым келді, есімде сол. Әкем “3-4 айда челлендж қояйық” деп айтты. 50 рет отжимание және шпагатқа отыру. Мен келістім. Солай дайындығым басталды. 6 сыныпта едім. Таңертең ертерек тұрып жаттығуларды жасайтын едім. Содан кейін таңғы ас ішіп мектепке кетемін. Осылай менің спортқа деген қызығушылығым ашылды. Ал тау өмірімде кейін пайда болды. Өйткені біздің өңірде тау жоқ. 2014 жылы Алматыға оқуға келдім. 2018 жылы жүгірумен айналыса бастадым. Сол кезде Педро деген танысым тауға апарған болатын. Сонда тауға шығу қатты ұнады. Педроның мықтылығына таң қалып, өзім сондай болуды мақсат қойдым. Ақырын ақырын 2019-2020 жылдары жиі барып жүрдім.

Спортпен шұғылдануды бастаған жандардың негізгі мәселесі тұрақтылық, яғни дисциплина. Сіз 400 күннен астам уақыт бойы бойы үзбей жаттығу жасап келе жатырсыз. Мұның сыры неде? Осындай тұрақтылыққа жету үшін не істеу керек?
— Мен тұрақты түрде 442 күн бойы спортпен айналысып келемін. Ол жай ғана кездейсоқтық емес. 6-7 жылдық жұмыстың нәтижесі. 2018-де жүгіруге келдім. Өзім бастадым. Аптасына 2-3 рет. 21 кмге дайындығымды бастадым. 2019-да алғашқы жартылай марафонымды жүгіріп, топқа қосылдым. Басқа жүгірушілермен таныстым. Жаттықтырушымен жұмыс істей бастадым. Жаттығулар күрделеніп, аптасына 3,4,5 тренировка болды. 6 жыл үзіліссіз айналысып, кейде тіпті демалмай да жүгірдім. Солай қазір артымда 6 жылдық тәжірибем бар деп челлендж жасайын деп шештім. Сондықтан бұндай челлендж бастамай тұрып, ойлану керек, денені дұрыс қалыптастырып, спорт, жүгіру немесе басқа нәрсе не үшін керек деген сұраққа нақты жауап берген дұрыс болар. Маған спорт ұнайды. Жүгіру, тауға шығу, теннис, сноуборд. Кез келген спорт. Өзім спорттың жаңкүйерімін. 30 жылдан кейін жүгіру жарысында біріншы орын алғым келеді. (Биыл отызға толамын). Денем қазіргідей мықты болғанын қалаймын. Балларыма үлгі болу. Сол менің мотивациям. Күн сайын ерте тұрған кезде, осы нәрселерді еске аламын.

Спорт — салауатты өмір салтының кепілі. Оның мінсіз мүсін қалыптастырып, денсаулықты жақсартудағы негізгі күш екенін бәріміз білеміз. Алайда, дене тәрбиесі сізге осы аталғандардан бөлек тағы не бере алды?
— Жүгіруде мен достарыммен, жұбайыммен таныстым. Егер спортта дәртіп болса, жұмыста да, отбасыңда да сол болады.
Күн сайын жүгіру маған күшті көңіл-күй береді. Жақсы көңіл-күй стрессті азайтады. Тауға шығып мен демаламын, энергия жинаймын. Жаңа локацияларды ашамын. Спорт арқылы жарнамаларға да түстім.
Instagram желісіндегі парақшаңызды тек таза қазақ тілінде жүргізетініңізді байқадық. Әрине, қазақ тілді аудиторияға спорт тақырыбында сапалы, сауатты, таза қазақша контент ұсынатын блогерлердің көбейіп жатқаны қуантады. Осы ретте “парақшаның тілі” туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? Тек қазақ тілінде контент ұсыну жарнама алу, оқырман санын көбейту тұрғысынан қандай да бір қиындық туғызбады ма? Алдағы уақытта блогты өзге тілдерде де жүргізу ойда бар ма?
— Мен өзім орыс тілді блог жүргізетінмін. Бірінші сыныптан орыс мектебінде оқыдым. Кейін КТЛ-ға түсіп ағылшын тіліне көштім. Қостанай өңірінде көбінесе орыс тілде сөйлейді. Отбасымызда қазақша.
2024 жылы блогымды орысша жүргізіп жатқанмын. Бірнеше сын келді, бірнеше адам қазақ тілінде контент шығаруға идея берді. Соны бір шығарып көрейін дедім. Кері байланыс жақсы болды. Әрине өмір бойы орысша ортада жүрген соң қазақша видео шығару 10 есе қиын болатын. Сосын бір күні ойланып қалдым. Қазір жасым 29-да. Былай алғанда өмірімнің шыңына жақындап келе жатырмын. Демек мемлекетіміздің ең мықты, жас күші қазір біз. Менімен жасты адамдар. Қазақ тілін дамытатын да біз. 10-15 жастағы балалар емес. 45-50-60 жасқа таяғандар емес. Әрине олардың ішінде де мықты білімді жандар көп. Жалпы айтып отырғаным. Сол кезде мен толықтай қазақ тіліне көшкім келетінін түсіндім. 5-10 жылдан кейін балаларым, жиендерім мені көріп қазақ тілінде сөйлейтін адам деген ассоциация болғанын қалаймын. Менімен коммуникацияға түсу үшін қазақша білулері керек екенін жеткізгім келді. Қазіргі инструмент ол блог.
Қазақша сапалы контент аз. Дамытуға ниет болды. Солай бастап кеттім. Қиындықтар болды. Қазақ тілді аудитория мен орыс тілді аудитория әр түрлі. Біз енді енді дамып жатырмыз. Маған негізі көп адам “орыс тілінде жүргізсең тезірек аудитория жинайсың, жарнама келеді” деп айтқан.
Бірақ өз жолымнан таймадым. Бір ұстаным болды, сол бағытта жұмыс істеймін дедім. Болды. Кей кездері шынымен ойланып жүрдім, мүмкін екі тілде де жүргізейін бе деп.
Бірақ Puma бренді ұсыныс жасаған кезде, бәрі де бекер еместігін түсіндім. Алдағы уақытта ағылшын тілінде блог жүргізгім келеді. Жай ғана өзім үшін, тіл үйрену мақсатында.

Сұхбат соңында, күнделікті спорттық жаттығу жасауды енді бастаған немесе бастағысы келіп жүрген оқырмандарға қандай кеңес айтасыз?
— Ең бірінші қадам қиын. Бірақ оны қиындатпай жай ғана далаға шығып 10 мың қадам жасасаңыз да керемет болады. Лифт орнына баспалдақ қолдансаңыз, жұмыста түскі ас уақытында турникке барып немесе бір 5-10 минуттық дене шынықтыру жасасаңыз денеңіз рақмет айтады. Оның барлығы спорт жәнн жақсы бір әдет.
Өзіңізге ұнайтын спорт түрін таңдаңыз. Әр адамның өз жолы бар. Бірі 30 жаста бастаса, тағы бірі 50 жаста бастайды. Ешқашан кеш емес. Өзіңізді басқалармен емес, тек қана кешегі өзіңізбен салыстыру керек.
Әңгімеңізге рақмет!