Қазақстандық теннисші ширек финалда жеңіске жеткен жағдайда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін маусымдық қорытынды турнирге қатысуға жолдама алады.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан WTA 500 сериялы турнирін сәтті бастады.

1/8 финалда Рыбакина канадалық Лейла Фернандеспен кездесіп, екі сетте 6:4, 6:3 есебімен сенімді жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 28 минутқа созылды.

Осылайша, Елена ширек финалға жолдама алды. Ертең, 24 қазан күні Қазақстан уақыты бойынша таңғы 7.40-та Елена Токиодағы орталық кортта канадалық Виктория Мбокоға қарсы кездесу өткізеді.

Айта кетейік, бұл Елена Рыбакинаның маусымдағы 53-жеңісі және 12-ширек финалы. Өткен аптада Елена Рыбакина мен Лейла Фернандес WTA 500 турнирлерінде чемпион атанған болатын. Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында, ал Фернандес – Жапонияның Осака қаласында топ жарды.

Биыл Токиодағы турнирдің жүлде қоры – 1 064 510 АҚШ долларын құрайды. Ал жарыс жеңімпазы 164 000 доллар мен 500 рейтингтік ұпай иеленеді.