Ақтауда «Маңғыстау ботаникалық бағы» алуан түрлі өсімдіктер мен декоративті ағаштардың орталығына айналған. Бүгінде мұнда жергілікті климатқа жерсіндірілген 1300-ден астам жасыл-желек жайқалып өсіп тұр. Ғалымдар баптап өсірген өсімдіктерге сұраныс жоғары.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтаудың қақ ортасында орналасқан ботаникалық бақта дүниежүзі бойынша әкелінген өсімдіктер өсіп тұр. Соның 400-ден астамы жергілікті табиғатқа төзімді екені ғылыми дәлелденген. Соның бірі — Шаған ағашы. Оның ерекшелігі күнге күймей, қанық түсін сақтайды. Саябақтарды көгалдандыруға тиімді.
Ақжүніс Иманбаева бақтың жұмысын өзі бақылайды. 35 жылын осы салаға арнаған ботаник әр өсімдікті баласындай баптап үйренген. Ғалым Маңғыстаудың жылы климатына өсімдікті қысы-жазы егуге болатынын айтады. Сол үшін олар ағаштарды контейнерлік ыдыста өсіреді. Жылына 15 мыңдай ағаш тектес өсімдікті елді мекендерге егіп отыр.
Ақжүніс Иманбаева, Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бағының бас директоры:
Жалпы қала бізден соңғы 3 жылда түгел ағашты алды. Қазір қаланың ағашы, ағаш тектес өсімдіктері 15-20 мыңнан асты. Қалада көптеген гүлдер өсіп тұр. Жалпы, жасыл желектің жағдайы жақсарды.
Ботаникалық бақта соңғы жылдары субтропикалық ағаштардың тұқымын жергілікті генеқорға енгізу қолға алынған. Ғылыми қызметкерлер тез өсіп-жетілетін өскіндерді алдымен зертханада өсіреді.
Гүлайым Жұмалиев, зертхана қызметкері:
Бізде сұранысқа байланысты, әсіресе сафора, глидичия, катальпа, ясен, биота осындай түрлері көбірек өсіріледі. Мысалы, сафора японская өсімдігі біздің жерлерде судың болмауы жағдайында немесе қатал климат жағдайларында, аязда, салқында өте төзімді келеді. Жалпы, өсімдіктер 80 жылға дейін өседі екен.
Тәжірибелік-ботаникалық бақтың жалпы аумағы 29 гектар. Жасыл-желекке оранған аумақ алыстан көз тартады. Сондықтан бақты тамашалап, әрі таза ауамен тыныстау мақсатында туристер жиі келеді.
Азамат Әскербайұлы, Ресейден келген турист:
Бұл жерге келгенде шөл дала деп ойладық, бірақ ағаштар мен гүлдер өте көп екен. Бұлардың бар екеніне қуаныштымын. Осыны балаларыма көрсетуге алып келдім.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда еліміздегі биологиялық алуантүрлілікті қорғауға баса мән беруді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарға қосымша қаржылай қолдау да қарастырылады. Соған сәйкес Ақтаудағы бақта озық үлгідегі зертхана салу жоспарда бар.
Аягөз Оралбайқызы