Қасым-Жомарт Тоқаев Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында жаңа суперкомпьютерді іске қосты.

2025 жылғы 9 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары негізінде жасақталған жаңа суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асты. Суперкомпьютер жаңа дата-орталықта орнатылып, ресми түрде пайдалануға берілді.

Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматындағы есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі жоғары өнімділікті қамтамасыз ете алады. Бұл көрсеткіш бойынша ол Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу жүйесі саналады.

Суперкомпьютер – бұл әртүрлі серверлер мен деректерді сақтау жүйелерінен құралған, GPU (графикалық процессор) базасында жұмыс істейтін нейрожеліге және жасанды интеллект үлгілеріне негізделген есептеу машинасы. Мұндай жоғары өнімді жүйе ғылыми және технологиялық міндеттерді шешуде аса маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы бұл жобаның еліміздің цифрлық даму жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі екенін атап өтті:

“Суперкомпьютердің іске қосылуы – еліміздің негізгі салаларын цифрландыратын маңызды қадам. Бұл – Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне жол ашады,” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Суперкомпьютердің есептеу қуатын:

•нейрожелі шешімдерін әзірлейтін стартаптар,

•университеттер мен ғылыми орталықтар,

•мемлекеттік мекемелер,

•жеке компаниялар пайдалана алады.

Жоғары өнімді есептеу ресурстары озық технологияларды дамытуға, ғылым мен білім саласында жаңа серпін беруге, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеу бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, цифрландыру саласындағы ірі мақсаттар жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев те мәлімдеді. Оның айтуынша, 2027 жылға қарай Қазақстан аумағында мобильді байланыспен қамту деңгейі 99%-ға жетеді, оған республикалық және облыстық маңыздағы 40 мың шақырым автожол да кіреді. Бұл көрсеткіш цифрлық теңсіздікті жоюға және бүкіл елді сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болмақ.

Айым Алмасқызы

Abai.kz