Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Арзықұловтың «Бар мен жоқ» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24kz.
Туындының басты кейіпкері – тележурналист Иманбай Жұбай. Ол белгілі медиаменеджер, бар өмірін телевизия саласына арнаған адам. Кітапта елдегі телеарналардың соңғы 30 жылдағы тарихы әңгіме-сұқбат түрінде баяндалады. Кейіпкердің еңбек жолын мысалға ала отырып, отандық телеарналардың тоқырау жылдары, даму кезеңі, қайта өрлеу дәуірі суреттеледі. Жекелеген журналистердің жетістіктері де жазылған. Тіпті өмірде көрген теперіштері де айтылады. Ал, туындының атауына жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Бар мен жоқ» романы арқау болған. Екі мыңыншы жылдары автор мен кейіпкер бірлесе отырып осындай атпен ток-шоу да шығарған еді. Сондай-ақ Ержан Арзықұловтың телевизия туралы толғамдары да кітапқа еніпті.
Ержан Арзықұлов, тележурналист, кітап авторы:
- Жалпы телевизияның тарихы туралы жазғым келген, қарасам кейіпкерім қасымда жүр екен. Сосын мен: «Сіз менің кейіпкерім болыңыз, осы телевизияның тарихын баяндайық бірге отырып», деп айттым. Әсіре ештеңе қоспадым, бұл кісінің азаматтық қырын, парасат-пайымын көрсету арқылы телевизияның тарихын баяндадым деп ойлаймын.