Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмекке байланысты Денсаулық сақтау министрлігін сынады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол қарапайым мысал келтірді:

"Раушан есімді азамат. 42 жаста. Өмірі баяу сөніп барады. Ем жоқтығынан емес, емге шипа болатын дәрі Ұлттық формулярда тіркелмегендіктен, дәрі жеті жылдан бері жаңартылмаған емдеу хаттамасына енгізілмегендіктен. Тіпті сатып алайын десе, елде рұқсат етілген тізімде жоқ. Тағы қаншама осындай Раушан біздің көмегімізді күтіп отыр?" — деп ашынды депутат.

Депутат Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс есебін еліміздегі фармацияның шынайы рентгені деп бағалады.

"Рентген нәтижесі жай ғана сынықтар мен көлеңкелерді көрсетіп қана қоймай, дереу шешімді, жедел емдеуді талап ететін терең, нағыз қатерлі ісіктерді анықтады", — деді ол.

Депутат сан мың адам дәрісіз қалып жатқанын да айтты.

"Бір препараттар қоймаларда шіріп, есептен шығарылып жатқанда, кейбір өмірлік маңызы бар дәрілер қолжетімсіз. 45 мың науқас дәрісіз қалған. Анықталған шығын көлемі 3,7 млрд теңгеден асады", — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Бақытжан Базарбек "СҚ Фармацияның" бұрынғы басшыларын тексеруді сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget