Қызылорда облысы күріш алқабын азайтады. Оның орнына суды көп сұрамайтын дақыл түрлерін егу жоспарланып отыр.
Яғни егістікті әртараптандыруға басымдық беріледі. Себебі белгілі. Өңірде егістікке су жетпейді. Өңірде биылдың өзінде күріш көлемі былтырғымен салыстырғанда 4,7 мың гектарға қысқарған.
Енді өңірде күріштің орнына майлы дақылдар егіледі. Одан бөлек, отандық ғалымдар арпа, бидай, қант құмайы, түйежоңышқа мен қант қызылшасының бірнеше сортын егуді ұсынып отыр. «Бұл дақыл түрлері топырақтың құнарын арттырады, әрі өнім сапасы жоғары болады»,-дейді мамандар.
Камаладин Шермағамбетов, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері:
- Оның перспективалық сорттары қазір сынақтан өтіп жатыр. Он сортты қазір Қызылорда облысында егіп, институттың стационарында, содан жоғары өнімдерге қол жеткіздік. Оның қанттылығы 19-21 пайызға дейін жоғары болып жатыр. Жалпы қант қызылшасы егілетін аймақтарға қарағанда біздің Қызылорда облысындағы қант қызылшасының құрамындағы қанттылығы өте жоғары.
Сондай-ақ мамандар өңірде жүгері өсіруді қайта жандандыру қажет екенін айтады. Бұл бағытта нақты жобалар әзірленген. Соның бірі – жүгеріні терең өңдеу арқылы крахмал, сірне, глютен және мал азығына арналған өнімдер өндіретін зауыт салу. Бұдан бөлек, 20 мың гектар алқапқа майлы дақылдар мен жүгері егу жобасын жүзеге асыруға дайын инвестор табылды.
Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жалпы екі ірі жобаны арнайы қабылдайтын жерлер ашылып, соның арқасында жүгерінің көлемін көбейтетін боламыз. 2026 жылдың өзінде сол жүгерінің көлемін 10 мың гектарға жеткіземіз деген жоспар қойып отырмыз.
Жаһандық климаттың өзгеруі – суармалы суды тиімді пайдаланып, шығынды барыншы азайтуды талап етеді. Мамандардың пікірінше, агросаланың дамуын қамтамасыз ету үшін су үнемдеу технологиялары мен ылғал үнемдейтін дақылдарды енгізу маңызды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин